Мемлекет басшысы мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша «КазАзот» АҚ басшылығының қатысуымен жиын өтті. Жиын барысында 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап егін егу маусымы аяқталғанға дейін субсидияланған минералды тыңайтқыштарды алатын отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеңілдік беру туралы шешім қабылданды. Бұл кәсіпкерлер үшін аммиак селитрасының бағасы тоннасына 199 920 теңгеден 160 160 теңгеге дейін төмендеді.
«Геосаяси ахуалдың қиындығына, девальвацияға және әлемдегі жағдайға қарамастан, сондай-ақ зауыттың жабдықтарының тозуына байланысты үлкен инвестицияларды қажет ететініне қарамай, біз ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп жатқан жерлестерімізге қолдау көрсету туралы шешім қабылдадық. Нарықтағы қазіргі жағдай мен еліміздің ауыл шаруашылығы саласының осалдығы азық-түлік бағасына тікелей әсер етуі мүмкін. Осыны ескере отырып, біз биылғы егін егу маусымына арналған субсидияланған минералды тыңайтқыштардың бағасын төмендеттік. Ал аммиак селитрасын сатып алатын өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін баға келісімшарттар шеңберінде өзгеріссіз қалады», — деп түсіндірді «КазАзот» АҚ Бас директоры Арман Ахметжанович Маулешев.
Дереккөз: «КазАзот» АҚ баспасөз қызметі